Абай • 01 Мамыр, 2024

Абай кемелдігі – әлемнің олжасы

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Абай десе – қазақ, қазақ десе – Абай еске түседі. Ұлы ақынды таныту мақсатында елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін де көп жұмыс атқарылды. Әлемнің әр түпкірінде ақын­ның атын алған көше­лер мен көптеген қала­ның көрікті жерінде ашыл­ған ескерткіштер де аз емес.

Абай кемелдігі – әлемнің олжасы

Ұлы ақынның терең философиясын тануға ұмтылып, өлең­дері мен қарасөздерінде тұнып жатқан тәрбие ілімін кәде­ге жа­ратуды жүйелі жалғас­тыра бер­ген жөн. Кейінгі жылдары әлем­нің түкпір-түкпірінде ақын атын­дағы орталықтар көптеп ашылды. Бұл игі істің басы-қасын­да негізінен Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғы­лыми-практикалық орталығы жүр.

Ғылыми-практикалық ор­талық Абай институты бағ­дар­ламасын жүзеге асыру арқылы осы жұмысты қолға алды. Орталық директоры Мақпал Жұма­байдың айтуынша, бағдар­ла­маның басты мақсаты – қазақ тілін үйрету, қазақ мәдениетін дә­ріптеу курстарын әртүрлі жас­тағы азаматтарға қолжетімді ету, онлайн және офлайн курстар­дың сапасын арттыру, қазақ тілі­нің қолдану аясын кеңейту, оқыту­дың қазіргі заманғы нысан­дарын, әдістері мен техноло­гия­ларын тәжірибеге енгізу, тіл үй­рену­шілердің айтылым дағды­сын жетілдіру арқылы, қазақ тілінде сөйлеушілердің санын арттыру.

– Әлемде өзін сыйлайтын, тарихы терең, тәуелсіз, тұғырлы елдер ұлттық құндылығы мен тілі­нің жаршысы ретінде мемле­кет­тік дәрежеде мәдени ұйым­дар құрып жатады. Мәселен, Гер­манияда Гете институты, Қытайда Конфуций институты, Түркияда Юнус Эмре институты сол елдің тарихы мен әдебиетін, тілі мен мәдениетін насихаттауда өте белсенді. Осындай әлемдік тәжірибелерді зерделей келе, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институты бағдарламасын іске қосты.

Абай институты бағдар­лама­сы – Қазақстан Республикасы­ның консулдықтары арқылы және бірлесіп орындауға мүд­делі отандық және шетелдік ме­ке­мелер мен ұйымдарды серік­тестіктер арқылы бүкіл әлем бойынша қазақ тілін насихаттау, қазақ тілінің халықаралық деңгейде беделін арттыру, қазақ мәдениетімен, руханиятымен таныстыру, шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирреденттері үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілетуде таптырмас жоба болып отыр, дейді орталық директоры.

Ақынның 175 жылдығына орай көптеген мемлекетте Абай атындағы орталықтар ашы­лып, бүгінде жұмысын жемісті атқа­рып келеді. Бұл игі бастамаға 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай туралы көлемді тұжырымдамалы еңбегінде қозғау салып, бағыт берген еді.

«Халқымыздың ұлы пер­зенті­нің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыс­тарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», деді Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тұжырымдамалы еңбегінде. Сол еңбегінде елді, ұлтты Абайша сүюді үй­ренуіміз керектігін, ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктеткенін айта келе: «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», деп тұжырымдады.

Абай орталықтары әлем елдеріндегі Қазақстан елші­ліктерінің көмегімен алыс-жақын шет мемлекеттерде ашыла бастағаны – игілікті қадам. Мысалы, 2020 жылдың 27 қаң­тарында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Чехия Респуб­ли­касындағы Елшілігімен бірлесіп, Чех Республикасының Ұлттық кітапханасында орталық ашылып, Словакия, Мажарстан, Германия елдерінде Абай оқулары өткізілді.

Бүгінде халқымыздың даңқын көкке өрлеткен Абай әлемі – Абай орталықтарының қатары көбейіп келеді. Чехия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Қара­қалпақстан, Әзербайжан, Бол­гария, Румыния, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Ресей, Германия, Мажарстан, Пәкістан, Польша, Мысыр, Италия, Латвия, АҚШ елдерінің бірқатарында еңселі ескерткіш, саябақ ашылса, көпшілігінде орталықтар да тұрақты жұмыс істеп тұр.