Экономика • 03 Мамыр, 2024

Нарықты арбаған көршінің арзан сүті керекулік шаруалар мен зауыттарды шығынға ұшырата ма?

69 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодарлық зауыттар жергілікті шаруашылықтардан сүт сатып алуға лимит енгізуі мүмкін. Себебі Ресейдің шекаралас аумақтарынан отандық кәсіпорындарға арзан шикізат ұсынып отырғандар бар. Жақын уақытта дүкен сөрелерін көрші елдің тез бұзылатын сүт өнімдері басып, жергілікті тауарды ығыстырады деген болжам бар.

Нарықты арбаған көршінің арзан сүті керекулік шаруалар мен зауыттарды шығынға ұшырата ма?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Фермерлер қазір кәсіпорындар туындатқан мәселе бойынша құзырлы органдарға жиі шағымдана бастаған. Ал мемлекеттен миллиардтаған несие алып, тауарлы сүт фермаларын құрып жатқан ауылдағы еті тірі азаматтар кәсіптерінің келешегіне алаңдап отыр.

Шаруалардың айтуынша, Ресейдің арзан шикізаты жергілікті сүт зауыттарының көзін арбап жатыр. Зауыттар өзіміздің сүт шаруашылықтары мен қосалқы шаруашылықтардан сүттің литрін шамамен 170-191 теңгеден сатып алады. Ал Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы берген дерекке сүйенсек, Ресейдегі фермерлер ол жақтағы өңдеушілерге ағарғанның литрін 31 рубльден, яғни теңгеге шаққанда шамамен 147-148 теңгеге беріп отыр. Мұндай арзан баға павлодарлық сүт өңдейтін зауыттардың қызығушылығын тудыратыны анық. Екі елдің арасындағы сауда-саттыққа жол ашық екенін ескерсек, жуық уақытта отандық супермаркеттерді Беларусьтен ағылып жатқан өнімдерді қоспағанда, көрші мемлекеттің тез бұзылатын сүт өнімдері толығымен жау­лап алуы ғажап емес. Ал оның салдары сүт шаруашылығы үшін ғана емес, жергілікті зауыттарға үлкен қауіп.

– Біздің палатаға облыстағы сүт өндіруші фермалар жиі шағымдана бастады. Қарапайым шаруалар мемлекеттен миллиардтаған несие алып, тауарлы сүт фермаларын салып, оларын жақын жылдары ақтап шығамыз деп үміт артқан ғой. Алайда өңірдегі өңдеуші кәсіпорындар біздің шаруалардың сүттерін сатып алудан бас тартып отыр деген ақпарат бар. Шикізаттың көлеміне шектеу енгізе бастаған. Кейбір зауыттар шикізат қабылдамаймыз деп ашық түрде ескерткен. Ал ауылшаруашылық жануарларын көбейту арқылы жаңадан сүт шаруашылықтарын құру, соның нәтижесінде отандық сүт пен сүт өнім­дерінің көлемін ұлғайту – бұл мемле­кеттік маңызы бар мәселе, – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев.

Павлодар облысы ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысының орын­басары Төлеген Көшербаев сүт зауыт­тары­ның қабылданатын шикізатқа бай­ла­нысты шектеу енгізуі бірінші рет кез­десіп отырғанын айтады. Бұған дейін кәсіп­орындар толық жүктемемен жұмыс істеп, нарықта сүт жетпегені себепті еліміз­дің өзге өңірлерінен тасыған. Енді келіп осындай мәселе қалыптасып отыр. Ал жазда шикізаттың көлемі қазіргіден де көп болатынын ескерсек, жағдай тіпті шиеленісуі мүмкін.

«Сүт өңдеушілер дайын өнімдерін жергілікті нарықта сата алмай отырған­дарын, қоймалары толып тұрғандарын жиі айтады. Шикізатты қабылдауға шектеу енгізудің негізгі себебі осы деп түсіндіреді. Біздің ойымызша, қалалардағы үлкен супермаркеттер жергілікті өндірушілерге өз тауарларын сату үшін ең тиімді және қолжетімді сау­да орындарын ұсынуы керек. Себебі сауда сөрелеріндегі өнімдердің 60-70 пайызын Ресей Федерациясынан әкелінген тауарлар құрайды. Оның үстіне өңдеуші кәсіпорындарымыз шекаралас аймақтарға барып, ресейлік тез бұзылатын дайын сүт өнімдерін жеткізе бастауды жоспарлап отыр. Ендеше алдағы уақытта жағдай одан сайын ушы­ғады. Сондықтан бұл тараптағы саясатты қайта қарау қажет», дейді басқарма басшысының орынбасары.

Осы орайда «Аграрлық несие корпорациясынан» қыруар қаражатты қарызға алып, 1 500 басқа арналған заманауи тауарлы сүт фермасын іске қосуға кіріскен  «AndasAgro» ЖШС-ның қазіргі қиын жағдайын мысал етуге болады. Шаруашылық басшысы Зейнолла Сәлменбаев жобаға жұмсалған 8 млрд теңгенің тең жартысы – серіктестіктің жеке қаражаты екенін, фермада болашақта 100 жұмыс орны құрылып, жылына 10 мың тонна сүт беру жоспарланғанын жеткізді. Енді мына жағдайда шаруа не істерін білмей абдырап отыр.

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста жалпы сыйымдылығы 166,6 мың тонна болатын 101 сүт салқындатқыш пен 63 дайындау пункті бар. Дайындау пункттеріндегі жұмысшылар саны - 156 адам. Ал шикізатты өңдеумен 8 кәсіпорын айналысады. Өткен жылы аймақта  449,4 мың тонна сүт өндірілген.  Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында өңірде 67,6 мың тонна сүт тапсырылған. Шындап келгенде, нарықтағы жергілікті сүт өнімдерінің үлесі 50 пайыздан аспайды. Өзге бөлігі республиканың өзге өңірлерінен, шетелден жеткізіледі. Сүт өндірумен жалпы саны 25-тен астам шаруашылық шұғылданса, олардың қатарын биыл 5,1 мың бас сиырға арнал­ған 6 инвестициялық жоба толықтыра түспекші. Бұл жобалардың жалпы құны – 28,4 млрд теңге. Зауыттар әлгіндей ша­руа­шылықтардан қабылдайтын сүтке шек­теу қойып жатқанда тауарлы сүт фер­маларын көбейту қаншалықты тиімді?

Жалпы, тауарлы сүт фермалары мен сүт қабылдаушылар мемлекеттен бүгінде үлкен көлемде субсидия алып отырғанын да ұмытпаған абзал.

– 2023 жылы барлық деңгейдегі бюджеттен 12,1 млрд теңге субсидия бөлініп, толық игерілді.  Оның ішінде сүт фермаларының үлесіне 7,1 млрд теңге немесе бөлінген қаражаттың 59 пайызы тиген.  Осындай қолдау шараларына қарамастан бүгінгі таңда да­йын сүт өнімдерін сатуда кәсіпорындар үлкен қиындыққа тап келіп отыр.  Өндірушілер өнімдерінің нарықтағы бәсекеге қабілетсіздігіне байланысты өндіріс айналымын төмендетуге мәжбүр. Алдағы уақытта сүтті өткізу көлемі төмендей береді. Бұған негізгі себеп, импорттық өнімнің бағасы отандық тауар өндірушілердің өнімдерінен әлдеқайда төмен. ЕАЭО елдерінен сүт өнімдерінің ағылып келіп жатқанының негізгі себебі – санкциялық шектеулер. Бұрын ол компаниялар сүт өнімдерін Еуропаға экспорттаған, қазір Орталық Азия нарығына бәс тігіп отыр. Осылайша, импорттық сүт өнімдері отандық тауар өндірушілерді өз нарығынан тықсырып жатыр, – дейді Т.Көшербаев.

Ал Агроөнеркәсіптік кешендегі мем­лекеттік инспекция комитеті Павло­дар облыстық аумақтық инспек­циясының мәліметтері бойынша өңірге Ресейден шикі сүт әзірше жеткізіле қойған жоқ.  Тек шикізатты сатып алу туралы ұсыныс түсіп жатыр.

«Small» супермаркеттер желісінің өкілі Ирина Дащук өздерінің сауда сөрелерінде тек отандық өндірушілердің өнімі самсап тұр деп сендірді. Айтуынша, көрші мемлекеттің шекаралас өңірлерін­дегі өндірушілер, соның ішінде Омбы қала­сынан жеке компаниялардың өкіл­дері келіп, өнімдерін жиі ұсынады. Бұл өнімдердің барлығында жарамдылық мерзімі тез аяқталатыны көрсетілген. «Біз негізгі таңдауды отандық өндірушілерге қойып отырмыз. Сауда сөрелерінде павлодарлық қана емес, Астана, Қостанай қалаларының брендтері де бар. Ал баға жағынан алсақ, Семейде шығарылатын сүт өнімдері арзанырақ. Ресейлік өнімдердің бағасы біздікінен қымбат, сондықтан олар әзірше бәсекелес бола алмайды», дейді компания өкілі.

Өкінішке қарай, жергілікті сүт өңдейтін кәсіпорындар, соның ішінде  «Сүт» АҚ, «Best milk», «Галицкое» зауыттарының басшылығы бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартты. Компаниялар коммерциялық құпия­ны желеу етіп, қабылданған сүт пен дайындалған өнімнің көлемі бойынша да ақпарат бергісі жоқ.

 

Павлодар облысы