Өндіріс • 07 Мамыр, 2024

Телекоммуникация жабдықтарын шығарады

44 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте телекоммуникациялық жабдықтар шығаратын қос компания орналасқан. Шетелдік технологиядан әсте кем емес құрылғылар мемлекетіміздің құзырлы орындарында іске асып тұр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оған қарасты Шекара қызметі, Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет ететін азаматтар осы жабдықтарды пайдаланады. Сонымен қатар Президенттің Іс басқармасы, Мемлекеттік күзет қызметі, Парламенттің қос палатасындағы жұмыстарға бұл құрылғылардың көмегі көптеп тиіп отыр. Пайдаланушылардың қатарында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы да бар. Мұнай зауыттары, сондай-ақ орман мен аң-құсты қорғайтын табиғат сақшылары да екі кәсіпорынның өнімдерін қолданып жүр.

Телекоммуникация жабдықтарын шығарады

Әуелгі бас сұққанымыз – модемдер мен коммутаторлар шығаратын «Digital System Servic» ЖШС. Тауарлық белгісі  «Сuman» деп аталатын бұл компания 2005 жылы құрылған. Мұнда 6 өнім шығады. Бірнеше телефон нүктесін қосуға болатын автоматтандырылған станса құрылғысы, интернет таратушы Wi-Fi роутер, «Arman 1605», «Arman 1608Р» және «Arman 1624Р» атты коммутаторлар, сымсыз Wi-Fi Mesh интернет жүйесі, «Infinity» атты бірнеше нұсқадағы телефон аппараты  – зауыттың ең басты тауарлары.

о

«100-ге жуық қызметкеріміз бар. Зауыт бірнеше цехқа бөлінген. Бірінде өнімнің басты қаңқасы дайындалса, енді бірінде интернет құрылғылардың ішкі материалын құрастырады. Ішкі материал дегеніміз – электроникалық тауарлардың негізгі жүйесі, яғни электронды тақталары. Ол Қытайдан келеді. Ал барлық өнімнің сыртқы корпусы өзіміздегі арнайы аппарат-құрылғыда жасалады. Бірақ оның да шикізатын Оңтүстік Кореядан алдырамыз. Бұл жағынан қалдықсыз жүйе қалыптасқан. Жалпы, зауытта бір күнде 1000-ға жуық электронды тақтаны дайындап, арнайы корпуста қаптай аламыз. Сондай-ақ бізден шығатын барлық коммуникациялық өнімнің интернет таратуда мүмкіндігі көп. Әзірге тұтынушылар тарапынан шағым болған емес», дейді компанияның коммерциялық директоры Дастан Абдрахманов.

Дастанның сөзінше, мұнда барлық интернет құралдарын монтаждаушы, құрастырушы аппараттар шетелдікі. Бірі – швециялық, енді бірі – оңтүстіккореялық құрылғы. Америка Құрама Штаттарынан алынған жабдықтар да жоқ емес.

«Менің мамандығым – электроника және байланыс құралдарының инженері. Дәл қазір мен интернет желісін таратушы Wi-Fi роутердің ішкі компоненттерін құрастырудамын. Бұл жұмыс біткен соң арнайы операторлар тексеруден өткізіп, біздің жұмысымыздың сапасын қайта-қайта сынақтан өткізеді. Осылайша, бірнеше рет қадағалаудан соң барып арнайы корпуспен қапталып, қорапшаға салынып, сатылымға шығады», дейді компания қызметкері Ержан Кәрімов.

лд

Сату бөлімінің маманы Мұхамедкәрім Кенжеханұлының айтуынша, бір модемнің бөлшек саудадағы бағасы – 19 500 теңге. Сондай-ақ өнімді шығару барысында ақау анықталса, оны қайта қалпына келтіретін жөндеу бөлімі де бар. Сонда жөнделген соң қайта техникалық қадағалаудан өтіп, тестілеуден оң нәтиже көрсеткенде ғана сату бөліміне жөнелтіледі. Демек әрі қарай бұл құрылғылар «Қазақтелеком» немесе «Beeline» желісі арқылы келіп тұрған байланыс тізбегі бойынша интернет тарата алады.

«Өткен айдың 23-26-сы күндері Мәскеу қаласында болдық. Онда халықаралық «Байланыс-2024» тақырыбында көрме өтті. Онда біздің өнімдер көрсетілді. Бұны экспортқа деген алғашқы қадам десек те болады. Былтыр Әзербайжандағы көрмеде де өз заттарымызды көрсеткенбіз. Алдағы уақытта Ташкентте де өтетін осындай көрмеде өнімдеріміз ұсынылады. Әзірге қызығушылар жетерлік. Өз елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерге де экспортқа шығатын күн алыс емес деп ойлаймын», дейді М.Кенжеханұлы.

Ал екінші барғанымыз – «Barys E&T» жеке серіктестігі. 70-тен астам қызметкері бар компанияға тиесілі өнімдер де жоғарыда айтқан зауыттікіне ұқсас. Мұнда кәдімгі үй жағдайындағы электр тоғын есептегіш құрылғы мен радиотелефон (рация) шығады. Өнімнің ішкі электроникалық тақтасы шетелден келеді. Қалғаны цехта құрастырылады. Ал алдағы жоспары – өздігінен ұшу аппараттарын, яғни дрондар өндірісін қолға алмақ.

«Компания негізгі жұмысын 2022 жылы бастады. Зауыт жылына 54 мың электр есептегіш, 45 мың рация шығаруға қауқарлы. Ендігі мақсат – өздігінен ұшу аппараттарын шығару және зауыт көлемін кеңейту. Өйткені қазіргі орналасқан аумақ тарлық етіп отыр. Тағы бір жаңалық, жақында Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекеті бірлесе өткізген форум болған еді. Онда біздің өнімдер мен жобаларымыз көрсетілді. Артынша үшжақты, яғни Қазақстан, Корея және біздің компания меморандумға отырып, арнайы құжатқа қол қойылды. Енді келесі жылдың ортасына қарай Nazarbayev university-де корей ғалымдары біздің студенттерге дәріс беріп, осы электроника саласы бойынша барлығын үйретпекші. Демек алдағы уақытта мамандар да өзіміздің азаматтар болады деген сөз. Бұған дейін мамандарды Малайзия, Қытай, Оңтүстік Кореяда арнайы оқытып келдік», дейді зауыттың техникалық директоры Айбек Ақыш.

Зауыт өніміне тапсырыс берушілер – мақала басында көрсетіп кеткен арнайы органдар. Ал алдағы уақытта арнайы тап­сырмаларға қажетті ұшу дрондарын шы­ғар­са, онда сыртқы импортқа да тәуелді бол­мас едік.

«Қорғаныс министрлігінің барлау қызметіне қажетті ұшу дрондары қажет-ақ. Сондай-ақ қазір елімізде 50-60 қабатты үйлер көп. «Қате аяқ астында» дегендей, мысалы, осындай жоғары қабаттарда өрт шыққан жағдайда арнайы су шлангісін көтеруге арналған дрондар қажет емес пе? Орман өртіне де бұл – өте керек бұйым. Жалпы, мұны елімізге өте қажетті өнім десек болады. Өйткені азаматтық не әскери мақсатқа болмаса өрт қызметіне қажетті ұшу дрондарын пайдалану көп жұмысты жеңілдететіні анық», дейді А.Ақыш.

Айтпақшы, кәсіпорынның біз көзбен көрген, оған «Барыс» деп атау таңып, ат қойған радиостансалық телефонның қуаты 200 сағатқа дейін жетеді. Былайын­ша айтсақ, бір апта бойы тоқ кө­зі­­не қуаттамай жүре беруге болады. Өзі сал­мақ­тылау өнімнің бір ғажабы – жаңбырлы күнге немесе суға түсіп кеткен жағдайда да жұмысын тоқтатпайды, яғни ылғалға төзімді. Ал нарықтағы бағасы 350-400 мың теңге көлемінде.